Қызылорда қаласындағы «Локомотив» стадионында 2013 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында футболдан Қазақстан Республикасы чемпионаты өз мәресіне жетті. Ел Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл турнирге еліміздің барлық өңірлерінен 17 команда, жалпы саны 300-ден астам жас футболшы қатысты.
Турнир бірнеше күнге созылып, жасыл алаңда бәсекеге толы ойындар өтті. Қатысушылардың барлығы жеңіске деген жігерін, командалық рухты және жоғары техникалық дайындықты көрсете білді. Ойын барысында футболшылардың шеберлігімен қатар, тәртіпке, ұйымшылдыққа және спорттық мәдениетке деген көзқарасы байқалды.
Жарыс нәтижесі бойынша, Қостанай облысының командасы чемпион атанды. Қостанайлық жастар финалда сенімді ойын көрсетіп, қарсыластарын басымдықпен жеңіп шықты. Күміс жүлде Қызылорда облысының жас футболшыларына бұйырды. Жергілікті команданың ұйымдасқан ойыны, тактикалық шеберлігі мен жанкүйерлердің қолдауы олардың жетістікке жетуіне жол ашты. Үшінші орынды Атырау облысының құрамасы еншіледі.
Чемпионат аясында үздік ойыншылар да арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік қақпашы» атағы Қызылорда облысынан Қайбалды Азатқа бұйырды. Шымкент қаласынан Қуаныш Жеңісхан «Үздік қорғаушы» атанса, Атыраудан келген Мақсат Әлиасқар «Үздік жартылай қорғаушы» болып танылды. «Үздік ойыншы» атағы Қостанай облысының намысын қорғаған Серікбай Темірланға берілді. Сонымен қатар, Тараз қаласынан Собен Шерхан «Үздік сұрмерген» атанса, Павлодарлық Носков Николай «Үздік шабуылшы» деп танылды.
Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жергілікті спорт мектептері үлкен үлес қосты. Жарыс барысында әділ төрешілік, ұйымдастыру жұмыстары мен қатысушы командаларға жасалған жағдайлар ерекше атап өтуге тұрарлық.
Мұндай республикалық жарыстар өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына зор серпін береді. Футбол тек спорт қана емес, ұлт денсаулығы мен бірлігінің символына айналып келеді. Қызылорда төрінде өткен бұл турнир де жас футболшылардың шеберлігін шыңдап, жаңа жеңістерге жол ашты.

