Түркістан облысының Сауран ауданында коммуналдық қызмет саласын жетілдіру бағытында нақты істер атқарылып келеді. Өңірдегі тазалық пен абаттандыру жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында аудандық коммуналдық мекемелерге арнайы техникалар табысталып, қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуге жаңа мүмкіндік жасалды.
Атап айтқанда, ауданның коммуналдық саласына 12 тіркемелі трактор, 2 жүк тиегіш, 12 үш дөңгелекті мотокөлік (трицикл), 1 су сорғыш техника берілді. Жалпы саны 27 техниканы сатып алуға облыстық бюджеттен 250 миллион теңге көлемінде қаржы қаралған. Бұл қаржы өңірдің таза және қолайлы инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастамалардың бір бөлігі болып табылады.
Жаңа техникалар Шорнақ ауылдық округінде өткен арнайы іс-шара барысында салтанатты түрде табысталды. Техникалардың кілттері коммуналдық мекеме қызметкерлеріне беріліп, олар бұл мүмкіндікті қуанышпен қабылдады. Қызметкерлер бұл техникалар ауданның санитарлық жағдайын жақсарту жолында үлкен көмек болатынын атап өтті.
Іс-шара барысында Түркістан облысының әкімі Сауран ауданында жүзеге асып жатқан жұмыстармен танысты. Ол «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы бастамалардың тек бір реттік емес, тұрақты жұмысқа айналуы тиіс екенін айтты. Халықтың өмір сапасын арттыруда тазалық пен тәртіп маңызды рөл атқарады. Сондықтан да әрбір коммуналдық қызметкердің еңбегі – қоғам үшін аса құнды.
Облыс әкімінің айтуынша, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы тұрғындар арасында кең қолдау тауып, түрлі өңірлерде жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бастаманың аясында әрбір ауыл, аудан, қала тазалығына мән беріліп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениеті қалыптасып келеді.
Сауран ауданында бүгінгі таңда коммуналдық салада жұмыс істейтін қызметкерлерге 39 бірлік техника берілген. Бұған дейін коммуналдық мекемелер 12 трактор, 3 жүк тиегіш, 15 трицикл, 1 қоқыс тасығыш көлік, 2 әмбебап трактор, 1 эксковатор, 2 камаз және 3 уаз көлігімен қамтамасыз етілген. Осылайша, қазіргі таңда ауданның тазалық сақтау жүйесі қажетті техникалық құралдармен толық жабдықталған.
Берілген техникалар тек қоқыс шығару мен жол бойларын тазалау үшін ғана емес, сонымен бірге су сору, шөп шабу, ағаш отырғызу мен өзге де коммуналдық жұмыстарды жүйелі әрі жедел атқаруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар елді мекендердің көркі мен санитарлық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл техника тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын да арттырады.
Коммуналдық мекемелерге берілген жаңа техникалар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына да оң әсерін тигізеді. Өйткені таза көшелер, уақытылы шығарылған қоқыс, ретке келтірілген қоғамдық орындар – бұл әрбір азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Қазіргі таңда Сауран ауданындағы ауылдық округтерде тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілуде және мұндай техникалар осы жұмыстың тиімділігін еселейтін маңызды құрал болып отыр.
Облыс әкімдігі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсат-міндеттері аясында өңірдегі барлық аудан-қалаларда коммуналдық техникалардың саны көбейтіліп, оларды жаңарту ісі жүйелі түрде жүргізілмек. Бұған қажетті қаражат пен қолдау да қарастырылып отыр.
Жалпы, мұндай қадамдар – еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, халықтың өмір сүру ортасын жақсартуға, сондай-ақ жұмысшылардың еңбегін жеңілдетуге бағытталған игі істердің жарқын мысалы. Сауран ауданында табысталған техникалар өз міндетін ойдағыдай атқарып, өңір тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға қызмет ететініне сенім мол.

