«Jas Turkistan» еріктілері тазалықты сақтауға үлес қосуда

«Jas Turkistan» еріктілері тазалықты сақтауға үлес қосуда

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Бұл бастама өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және санитарлық мәдениетті дамытуға бағытталған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында тұрған бұл бағдарламаға жергілікті тұрғындармен қатар, жастар да белсенді түрде қатысып жатыр. Соңғы апта ішінде облыс аумағында 176 санитарлық-тазалық шара ұйымдастырылып, оған 61 089 азамат қатысқан. Нәтижесінде 182 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылған. Бұл деректер бағдарламаның аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралардың нақты нәтижелерін көрсетеді.

Бағдарламаның ерекшелігі – тек қоқыс жинап, тазалық жұмыстарымен шектелмей, тұтас экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталуы. Бұл ретте жастардың рөлі ерекше. Түркістан облысының бастамашыл жастары мен еріктілері бірігіп, «Jas Turkistan» волонтерлік қауымдастығын құрды. Аталған ұйым өз жұмысын алты бағыт бойынша жүйелі түрде жүргізуде. Олардың қатарында сенбіліктер, ақпараттық-ағартушылық шаралар, спорттық-экологиялық белсенділіктер, әлеуметтік науқандар және экочеллендждер бар. Бұл бастама жастардың экологиялық мәселелерге деген қызығушылығын арттырып, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруда үлкен рөл атқаруда.

Осы күнге дейін «Jas Turkistan» ұйымы 253 сенбілік, 17 семинар-тренинг, 29 экологиялық плогинг, 23 спорттық жарыс, 9 экочеллендж және 7 экомарафон ұйымдастырған. Мұндай шаралар арқылы мыңдаған азаматқа экология мәселелерінің өзектілігі түсіндіріліп, тазалық пен тәртіпті сақтау – әр азаматтың борышы екені насихатталды. Сонымен қатар, 1 000-нан астам ақпараттық үнпарақ (брошюра) таратылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді. Бұл бастамаларға 158 400-ден астам жас тартылғаны — өңірдегі жастардың экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Бағдарлама аясында заманауи технологиялар да тиімді қолданылуда. Цифрлық шешімдердің бірі — «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі. Бұл бот тұрғындар мен коммуналдық мекемелер арасында жылдам әрі тиімді байланыс орнатуға көмектеседі. Бүгінгі күнге дейін бұл жүйе арқылы 2 946 өтінім қабылданып, олардың 2 938-і толықтай орындалған. Қалған 8 өтінімнің орындалуы бақылауда. Мұндай цифрлық құралдар халықпен кері байланысты күшейтіп қана қоймай, нақты проблемаларды уақтылы шешуге де ықпал етіп отыр.

Қоғамдық тәртіп пен санитарлық нормалардың сақталуын бақылау — бағдарлама аясындағы тағы бір маңызды бағыт. 2025 жылдың басынан бері қоғамдық орындарда санитарлық нормаларды бұзған тұлғаларға қатысты 20 169 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 455 миллион теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 247 миллион теңге мемлекет кірісіне өндірілген. Бұл мәліметтер қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы нақты шаралар екенін көрсетеді.

Түркістан облысында жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар – «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының өңірлік деңгейде табысты түрде іске асып жатқанын айғақтайды. Тұрғындардың белсенділігі, жастардың бастамашылдығы және заманауи технологияларды пайдалану арқылы Түркістан өңірінде экологиялық мәдениет пен тазалық мәдениеті жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Әсіресе, жастардың қатысу үлесінің артуы болашақта өңірдің экологиялық тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына сеп болмақ. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, бағдарламаның нәтижесі күнделікті өмірде айқын сезілетіні сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...