Түркістан облысында ағын суды тиімді пайдалану мәселесі бақылауда тұр

Түркістан облысында ағын суды тиімді пайдалану мәселесі бақылауда тұр

Түркістан облысы – аграрлық бағыттағы аймақтардың бірі ретінде су ресурстарына тәуелді. Егістік алқаптарды тиімді суару, ауыл шаруашылығы өнімдерін жоғалтпай өндіру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының негізі. Алайда соңғы жылдары ағын су тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Облыстың су көздерінің бірқатары көршілес елдерден келетін болғандықтан, бұл жағдай жергілікті шаруаларға қосымша қиындықтар туғызуда.

Осыған байланысты облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасымен, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудандарға арнайы іссапарлар ұйымдастырып, су тапшылығы туындаған өңірлердегі жағдайды жан-жақты саралап жатыр. Жақында ол Жетісай және Мақтаарал аудандарында ауыл әкімдері, шаруалар және су пайдаланушы қауымдастықтарының өкілдерімен кеңейтілген жиын өткізді.

Жиында Нұрбол Тұрашбеков әрбір ауылдық округ бойынша нақты жағдайды жеке-жеке сұрап, судың қаншалықты жеткізіліп жатқаны, қандай техникалық қиындықтар бар екені туралы егжей-тегжейлі ақпарат алды. Ол жергілікті әкімдіктер мен сала мамандарына жұмысты күшейтіп, әрбір шаруаға көмек көрсетуді тапсырды. «Сіздердің жұмыстарыңыз бәсеңсіген сайын, шаруалардың мол өнімге қол жеткізу мүмкіндіктері азая түседі. Сондықтан күн-түн демей егістік басында болыңыздар, қажет болған жағдайда демеушілердің есебінен де, шаруалардың өздерін жұмылдырып та насостар орнатыңыздар. Қолда бар ресурстарды толықтай пайдаланыңыздар», – деп атап өтті ол.

Жетісай ауданында биыл 44 431 гектарға мақта шиті себілген. Оның 32 771 гектары (яғни 74 пайызы) толық суарылған. Алайда 11 660 гектар жерге әлі де ағын су қажет. Бұл, әрине, өңірдегі мақта шаруашылығы үшін үлкен қауіп тудырады, өйткені уақытылы су жеткізілмесе, өнім сапасы мен көлемі күрт төмендейді.

Ағын су тапшылығының негізгі себептерінің бірі – магистралды каналдардан келетін судың мөлшері қажетті деңгейден төмен болуы. Мәселен, аудан шаруаларының жалпы сұранысы – секундына 42,85 текше метр болса, қазіргі таңда «Достық» магистралды каналынан 24,05 м³/сек, ал «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан машиналық әдіспен 11,80 м³/сек қана жеткізіліп отыр. Яғни жалпы жеткізіліп жатқан су көлемі сұраныстан 7 м³/сек-ке аз.

Осы жағдайды ескерген облыс басшылығы қосымша техникалық шешімдерді шұғыл енгізіп жатыр. Атап айтқанда, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан машиналық әдіспен жұмыс істейтін 4 насос станциясына тағы 2 жаңа насос қосу тапсырылды. Сондай-ақ ішкі су жүйелерінде су сорғы құралдарының санын арттырып, су жеткізу техникаларын көбейту қажеттігі айтылды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жеке бақылауға алатынын қатаң түрде ескертті. Егер тапсырмалар мерзімінде орындалмаса, жауапты тұлғаларға қатысты қатаң тәртіптік шаралар қабылданатын болады.

Бұл жұмыстардың барлығы ағын су тапшылығының ауыл шаруашылығына тигізетін зардабын азайтуға бағытталған. Өйткені Түркістан облысының экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі зор. Мақта, бақша, дәнді-дақылдар және көкөніс өнімдерінің тұрақты көлемде өндірілуі үшін сапалы және үздіксіз су жеткізу қажет. Осы себепті су шаруашылығы саласын басқару, су үнемдеу технологияларын енгізу, су пайдаланушылар арасындағы өзара үйлесімділікті арттыру – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

Жалпы, Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі кешенді шешімдермен ғана еңсеріледі. Су тапшылығына қарсы күресте әкімшілік қадағалаумен қатар, шаруалардың да жауапкершілігі мен ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады. Ал жергілікті билік өз тарапынан техникалық көмек көрсетіп, қажетті инфрақұрылымды уақытылы жеткізуге күш салуда. Алдағы уақытта қабылданған шаралардың нәтижесі егіс науқанының табысты өтуіне тікелей әсер ететіні сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...