Шымкентте жұмыссыздарды тұрақты орындарға орналастыру жолдары пысықталуда

Шымкентте жұмыссыздарды тұрақты орындарға орналастыру жолдары пысықталуда

Шымкент қаласында жұмыссыз азаматтарды ресми жұмысқа орналастыру тетіктері мен өзекті мәселелері талқыланған маңызды жиын өтті. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның төрағалығымен өткен бұл кездесуге Абай, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау және Тұран аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Басқосу барысында жұмыссыз тұрғындарды қаладағы ірі және орта кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа орналастырудың нақты жолдары сөз болды.

Жиында басқарма басшысы алдымен аудандардағы жұмыссыздар саны мен олардың жұмысқа орналасу қарқынына тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, әр аудан аумағындағы кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде бар бос жұмыс орындарын Enbek.kz порталына жедел түрде жариялап отыру керектігі айтылды. Бұл порталдың тиімділігі – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы байланысты жеңілдетіп, ресми еңбек келісімшарттарының жасалуына жол ашатынында.

Жанат Өтебаева өз сөзінде: «Қалада көптеген тұрғындар еңбекқор болғанымен, бейресми жұмыс істейді. Ал олардың табысы әлеуметтік-салықтық төлемдерге тіркелмегендіктен, жұмыссыздар статистикасына әсер етіп отыр. Егер осындай азаматтарды тұрақты орындарға бағыттасақ, ресми жұмыссыздар саны айтарлықтай азаяды», – деп нақты айтты.

Сонымен қатар, басқарма басшысы қазіргі таңда жұмыссыз ретінде тіркелген көптеген азаматтардың, әсіресе жастар мен білімі бар мамандардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану керектігін баса айтты. Бұл мақсатта «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» сияқты бағдарламалар арқылы азаматтарды уақытша емес, тұрақты жұмысқа орналастыру қажеттігі сөз болды.

Жиын барысында аудандар әкімдіктерінің өкілдері өз аумақтарындағы ірі жұмыс беруші мекемелермен байланыс орнату және жұмыссыз азаматтарды белсенді түрде тарту бағытында қандай шаралар қолға алынғанын баяндады. Алайда кей аудандарда бұл жұмыс әлі де жүйелі түрде жолға қойылмағаны анықталды. Осыған байланысты Жанат Өмірсейітқызы: «Ең алдымен Enbek.kz порталында белсенділік арттыру керек. Жұмыс берушілермен келіссөз жүргізіп, бос орындарды жариялауды әдетке айналдыру қажет. Бұл – жұмыссыз азаматтардың құқықтарын қорғау мен оларды ресми еңбек қатынастарына тартудың ең оңтайлы жолы», – деді.

Кездесудің қорытындысы ретінде басқарма тарапынан нақты индикаторлар мен мерзімдер белгіленіп, әр аудан әкімінің орынбасары өз жұмыс жоспарын жаңартуға міндеттелді. Бұл шаралар Шымкенттегі еңбек нарығын заңдастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында маңызды қадам болмақ.

Жұмыссыздықпен күрес – тек бір органның ғана емес, бүкіл әкімдік жүйесінің ортақ міндеті екені тағы бір мәрте атап өтілді. Ендігі міндет – жоспарлы жұмысты жүйелі іске асырып, әрбір жұмыссыз азаматтың өзіне лайықты ресми жұмыс табуына мүмкіндік жасау.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...