Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті: бір күнде 172 тонна қоқыс шығарылды

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті: бір күнде 172 тонна қоқыс шығарылды

2025 жылғы 23 тамызда Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» ұранымен жалпықалалық сенбілік өтті. Экологиялық шараға 3 755 адам қатысып, 136 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан 172 тонна қоқыс шығарылды.

Аудандық көрсеткіштер:

• Абай ауданы — 445 адам, 16 техника, 28 тонна;

• Әл-Фараби ауданы — 499 адам, 30 техника, 41,7 тонна;

• Еңбекші ауданы — 1532 адам, 33 техника, 15,7 тонна;

• Қаратау ауданы — 704 адам, 25 техника, 42,1 тонна;

• Тұран ауданы — 575 адам, 32 техника, 44,5 тонна.

Сенбілік барысында қатысушылар көшелер мен аулаларды қоқыстан тазалап, қураған ағаштар мен бұталарды кесті, шөп шауып, ағаштарды әктеді, сондай-ақ абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Көптеген шымкенттіктер бұл акцияға қатысу қала тазалығына қосқан үлес қана емес, сонымен бірге бірлікті сезінудің мүмкіндігі болғанын айтты.

«Біз отбасымызбен келдік, балаларымызға тазалық әрқайсымыздан басталатынын көрсеткіміз келді», — деді Қаратау ауданының тұрғыны.

«Студенттермен, дәрігерлермен, мұғалімдермен және көршілерімізбен қатар жұмыс істегенде, бұл ортақ істің бізді біріктіретінін түсінесің», — деп қосты сенбілікке қатысушы.

Бұл сенбілік нәтижесінде қала көшелері мен қоғамдық орындар айтарлықтай тазарып, тұрғындардың да белсенділігі артқаны байқалды. Экологиялық шараға қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар табиғатты қорғаудың маңызын түсінуге және жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.

Қаланың әр ауданынан мыңдаған адамның жұмыла қатысуы - Шымкент тұрғындарының туған жеріне деген жанашырлығының айқын көрінісі. Бұл бастама қаладағы санитарлық тазалықты сақтап қана қоймай, жастарды тәрбиелеудің және тұрғындарды ортақ іске жұмылдырудың тиімді құралына айналуда.

«Таза Қазақстан» акциясы 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған аттас мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі Шымкенттің кешенді жоспарының бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты — қаланың тазалығын сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Астанада өткен Конституциялық комиссияның кезекті отырысында бірқатар жаңа...

2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5...